Әйтеке би ауданы жергілікті тұрғындардың шомылу орындарының көптігімен ерекшеленетін аймақ. Әдетте, шомылу маусымы 1 маусымнан басталып, 31 тамызда аяқталады.
ҚР Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы № 34 бұйрығымен бекітілген «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының» талаптарына сәйкес, су айдындарының жабдықталмаған учаскелерінде шомылуға рұқсат етілмейді! Қазіргі таңда Әйтеке би ауданы бойынша үш жерде коммуналдық жағажай жұмысы ұйымдастырылған. Темірбек Жүргенов ауылындағы Ырғыз өзеніндегі «Арна», Аралтөбе ауылындағы «Бақсайыс» өзеніндегі Бақсайыс және Жарөткел ауылындағы Ырғыз өзеніндегі «Жарөткел» коммуналдық жағажайлары. Ағымдағы жылдың мамыр айында аталған жағажайларда Ақтөбе облысының ТЖД «Жедел құтқару жасағы» ММ қызметкерлерімен сүңгуірлік тексеру және түбін тазарту жұмыстары жүргізілді.
2022 жылы облыстың су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан 19 адам қаза болған, оның 9-ы бала.
Жоғарыда аталған «Арна», «Бақсайыс» және «Жарөткел» коммуналдық жағажайларынан басқа орындар шомылуға тыйым салынған аумақтар болып табылады. Әйтеке би ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі аудан тұрғындары мен қонақтарына су айдындарында сақ болуға, қауіпсіздік қағидаларын сақтауға шақырады.